Алматыда 2017 жылғы Универсиадаға арналған қысқы мини-жарыстар басталды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Esentai Mall кешені алдындағы алаңда 2017 жылғы қысқы Универсиадаға дайындық аясында тұңғыш рет қысқы мини-жарыстар басталды. Оған қала тұрғындары мен қонақтары және балалар қатысуда.

«Мұнда «Олимпиада ауылы» Esentai Square кешені аумағында орналасқан. Бұл жарыста балалар мен ересектер «Биатлон», «Қаппен секіру», «Олимпиада сақиналарынан өту», «Допты хоккей», «Хоккейлік пенальти» деп аталатын жарыстарға қатысады. Мини-жарыстарды өткізудегі мақсатымыз - саламатты өмір салтын насихаттау және балалар мен ересектердің назарын қысқы спорт түрлеріне аудару. Сондай-ақ оларға Универсиада кезінде болатын тамаша спорттық атмосфераны сезіндіру», - деді өз сөзінде 2017 жылғы Универсиаданы өткізу дирекциясы директорының орынбасары Нұргелді Әбжанов.

Бүгінгі спорттық шараға қонақ ретінде белгілі спортшылар қатысып, жарыстарға қатысушылардың олимпиадалық рухын көтеруге күш салды. Олардың арасында атақты альпинист Мақсұт Жұмаев пен 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева да бар.

Жарыстар екі күн бойы осы алаңда күндізгі сағат 13:00-ден 17:00 аралығында болады. Оларға қатысу тегін. Бұл мини-олимпиадаға 500-ден астам адам қатысады деп күтілуде.

Айта кетелік, қысқы мини-жарыстарды Esentai Mall кешені мен 2017 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру дирекциясы ұйымдастырып отыр.