Алматыда 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге өтінім жасау науқаны аясында веложарыс өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 21 маусым күні Алматыда «Олимпиада Алматы-2022» өтінім жасау науқаны аясында веложарыс өтеді. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұл веложарысқа атақты велошабандоздар Александр Винокуров пен Фабио Ару қатысады.

Александр Винокуров - қазақстандық кәсіпқой велошабандозы, Лондон Олимпиадасының чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, «Астана» велокомандасының бас менеджері. Ал Фабио Ару - кәсіпқой велошабандоз, «Pro Team Astana» командасының мүшесі, 2014 жылы Джиро д'Италия жарысында жалпы есепте үшінші орын алған.

Жарыс «Сұңқар» шаңғы трамплині кешені алдынан басталады. Одан кейін велошабандоздар әл-Фараби даңғылы бойымен Розыбакиев көшесіне жетіп, әрі қарай Абай даңғылына түседі, одан кейін даңғылмен жүріп отырып Орталық стадиондағы мәре сызығынан өтеді. Бірінші келгендер бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Жарыс сағат 08:00-де басталады.