Негізгі мерекелік шаралар қаланың «Астана» алаңында сағат 11.00 -де басталады, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Наурыз мерекесімен Алматы тұрғындары мен қонақтарын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов құттықтайды.
21 наурыз күні «Астана» алаңында «Қазақ ауылы» бой көтеріп, келушілер назарына «Ояну», «Дәстүр», «Наурыз шашу» атты үш бөлімдік театрландырылған қойылым, Қазақстан өнер шеберлерінің концерті ұсынылатын болады. Сондай-ақ, шара барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Сағат 15.00-ден 20.00-ге дейінгі үзілістен соң, Наурыз мерекесіне арналған кешкі концерттік бағдарлама ұсынылады. Бұл күнгі мерекелік шара отшашумен аяқталады.
22 наурыз күні қала жұртшылығы мен қала қонақтарына Алмалы ауданының мерекелік концерті ұсынылады. Шара Халықаралық «Кинотаврик» кино мен өнер фестивалінің ашылуымен жалғасады. Сағат 19:00-де Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен жастар би кеші өтеді.