Алматыда 22,7 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2021 жылдың 7 айында 55 мың адам әлеуметтік төлемнің 17 түрімен қамтылды. Қолдаудың бір түрі – атаулы әлеуметтік көмек. Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева мегаполисте АӘК-ті кімдер алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысы атап өткендей, атаулы әлеуметтік көмек отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан (27 112 теңге) аспайтын отбасыларға төленеді.

«Атаулы әлеуметтік көмекті – көпбалалы отбасылар, жалақысы төмен жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлерге, мүгедектерге және басқа да мұқтаж жандарға қарайтын отбасылар алады. АӘК міндеті – жұмысқа орналасу және қиын өмірлік жағдайдан шығу. Сондықтан олар жұмыспен қамту орталығына жіберіледі, бұл олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді спикер.

Оның айтуынша, жыл басынан бері АӘК Алматы қаласының 22,7 мың аз қамтылған азаматтарына 1,1 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді.

«2020 жылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар АӘК алушыларға гигиеналық құралдар, тұрмыстық химия мен балалар тағамдары кіретін кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Жоба Magnum сауда желілері арқылы жүзеге асады. Келісімшарт сомасы 8 656 баланы қамтамасыз ету. Оған 607 млн теңге бөлінді. Бүгінде 5,5 мың бала қамтамасыз етілді», - деп қосты Назира Тоғызбаева.

Сонымен қатар, АӘК алушыларына теледидар мен газ жабдығы беріледі. Тағы 27 мың адамға 1,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлемнің басқа түрлері ұсынылады.

Сонымен қатар, Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедек балалары бар отбасыларға қайырымдылық көмек көрсету үшін демеушілермен, меценаттармен және жұртшылықпен белсенді жұмыс істейді.

Биыл 127 867 отбасы қайырымдылық көмекпен қамтылды, оларға киім, аяқ киім, тұрмыстық техника, ыстық тамақ, мүгедек арбалары берілді.