Алматыда 25 адам өкпенің жасанды желдету аппаратына қосылған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирус жұқтырған 3 767 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін таңертеңгі ақпарат бойынша 694 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Мұның ішінде 616-і симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен, 78 -і симптомсыз ауырған.

«Инфекциялық стационарларда 3 767 адам бар (төсек-орынның жалпы саны 6 060), оның ішінде 99 бала емделуде», – деп нақтылады қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 242 адам жатыр. Ал 25 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 98 адам ем қабылдауды жалғастыруда.

Медицина-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадалары мен телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 5 930 пациент бар. Оның ішінде 5295 адамда ауру белгілері бар, олар орташа ауыр жағдайда. 635 адамда ауру белгілері жоқ.