Алматыда 26 мыңнан астам адам Pfizer вакцинасын салдырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 1700 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«22 желтоқсан күні 1700 алматылық вакцина салдырды. Екпе алғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 21 желтоқсан аралығында қалада 1 041 864 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін,1003 081 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 123 024 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.

Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 26 164 адам салдырды. Оның ішінде 1458 жүкті әйел, 5231 бала емізетін ана және 19475 жасөспірім бар.

Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 756 адамнан тұратын 201 егу бригадасы бар.

«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.