Алматыда 266 діни бірлестік жұмыс жүргізуде

АЛМАТЫ. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда "Кертартпа діни ағымдармен күресті жетілдіру: бағыттары, жаңа әдістері" деп аталатын дөңгелек үстел жиыны өтіп жатыр,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Жергілікті атқарушы органдардың діни ұйымдармен жұмыс атқарудағы басты міндеттері - өңірдегі діни жағдайды зерттеу, талдау жүргізу. Миссионерлерді  есептік тіркеу және қайта тіркеу, өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша өңірлік деңгейде ақпараттық-насихаттық іс-шараларын жүзеге асыру. Діни ұйымдармен өзара байланысты жолға қою арқылы қоғамдық-саяси, діни ахуалды бақылау тетіктерін жетілдіру.  Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың алдында тұрған маңызды басымдық  кертартпа діни ағымдармен күресті жетілдіру, олардың әрекетінен зардап шегушілерді қайта бейімдеу шараларын жандандыру болып отыр. Өйткені соңғы уақытта діни секталардан зардап шегулердің БАҚ беттерінде ашық мәлімдеулерге көптеп  баруы қоғамның назарын аударуда", дейді қалалық ішкі сасат басқармасының бастығы Әділ Несіпбаев.

Алматыда қазіргі таңда 266 діни бірлестік жұмыс жасайды. Оның 204-і - қалалық әділет департаментінде, 62-сі республикалық мәртебесі бойынша Әділет министрлігінде тіркелген. Қалалық діни бірлестіктердің  181-і - заңды тұлға, 23-і филиал ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен. Қала аумағында 97 діни нысан және 8 діни оқу орны бар. Тоғыз айда сондай-ақ миссионерлік қызметпен айналысып жүрген 80 шет ел азаматы тіркелді.