Алматыда 27 маусым күні болған дауылдан келген зиян есептелуде

АЛМАТЫ. 30 маусым. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 27 маусым күні болған дауылдан кейінгі жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Естеріңізге сала кетсек, Алматыда 27 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 2-де күшті дауыл басталып, ол бұршақ аралас жаңбырға ұласқан еді. Желдің қатты соққаны соншалық, ғимараттардың шатыры ұшып, ағаштар құлады, он бестен астам үйді су басып, кейбір аудандар жарық пен газсыз қалған болатын. Сонымен қатар, бұл дауылдан Кіші Алматы шатқалында 520 ағаш, Медеу шатқалында 5 000, қала ішінде 161 ағаш құлады. Қала билбордтары, жол белгілері мен аялдамаларға үлкен зақым келді. Таулы аудандарда жел күші секундына 13-26 метрге жетсе, қала ішінде желдің жылдамдығы 11 м/с болды.

Қазіргі уақытта қала іші ретке келтіріліп, Медеу шатқалында дауылдың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Таулы үстірті мен Бутаковка шатқалы және Медеу аумағындағы жұмыстарға 326 адам мен 21 техника жұмылдырылған. Қала әкімдігінің айтуынша, қазіргі уақытта дауылдан болған зиян есептелінуде.

Қала басшысы қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, зардап шеккен аумақтарды көріп шықты. Ол "Балбұлақ" оңалту орталығы мен "Алатау" санаторийінде болды. Бұл емдеу мекемелерінде дауыл салдарынан ғимараттың шатыры сынып, қақпалары құлап, терезелерінің әйнектері сынған болатын және ағаштар да құлаған еді. Сол күні бұл екі орыннан 114 адам басқа жерге көшірілген болатын.

Соңғы бір жарым айда бұл Алматы өңірінде болып отырған екінші дауыл.

Бірінші дауылдан Іле Алатауы ұлттық паркінде 100 мың ағаш құлаған еді. Қазір бұл аумақтан тек 1,5 мың ағаш шығарылды.