Алматыда 288 мектепке дейінгі тәрбие мекемелері бар - Білім басқармасының бастығы

АЛМАТЫ. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыда биыл 340 орындық 5 балабақша ашылды. Бұл туралы бүгін «Білім беру жүйесін жаңғырту - адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» деген тақырыппен өткен  білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде айтылды.

«Алматы - республикада ең үлкен білім беру жүйесіне ие. Қалада 288 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның  149-ы мемлекеттік, 79-ы мемлекеттік емес балабақшалар. Соңғы 2 жылда балаларды балабақшамен қамту 10,5 пайызға ұлғайып 3-6 жастағы балалар 60,2 пайызға жетті», - деді қалалық Білім басқармасының бастығы Рахат Шилмашева.

Биыл «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  3 балабақша мен  ескі ғимараттардың орнына 6 ғимарат салынды. 1 балабақша коммуналдық меншікке қайтарылды. 140 орындық 3 жекемешік балабақша ашылып, жалпы саны 1530 орынды құрады. Р. Шилмашеваның сөзіне қарағанда, өткен жылы 600 орындық 3 балалар бақшасы салынды.  980 орындық 5 балабақша коммуналдық меншікке  қайтарылды. 715 орындық 29 мемлекетік емес балабақша іске қосылған еді.