Алматыда 29 адам ата-ана құқығынан айырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 29 адам ата-ана құқығынан айырылды. Бұл туралы Алматы қаласының Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаровтың айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, Алматыда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі – қала және аудан әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандар істері мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялармен өзара іс-қимыл жасау болып табылады.

Жыл басынан бұл комиссиялардың отырыстарында кәмелетке толмағандардың мүддесіне қатысты 297 материал қаралған.

«Нәтижесінде 29 алматылыққа ата-ана құқығынан айыру түріндегі шектен тыс шара қолданылды. 2 255 ата-ана бала тәрбиелеу жөніндегі міндетті тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. 12 жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы білім беру ұйымына, кәмелетке толмаған бір жасөспірім ерекше режимдегі арнайы білім беру ұйымына жіберілді», – деді ол.