Алматыда 29 мемлекеттік кәсіпорын жұмыс жасап жатыр

АЛМАТЫ. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда ағымдағы жылы тиімділігі төмендігіне байланысты 2 ЖШС пен 2 АҚ-дағы мемлекеттік үлесті жекешелендіру туралы шаралар қабылданды.

Оны қалалық қаржы басқармасының бастығы Айман Әбдіқадырова бүгін мәслихат тыңдауында айтты.

«2010 жылы жарғылық капиталдағы «Тауар сапасын сынау орталығы» ЖШС-нің 25 пайызы 257 76 теңгеге, «Жайлау компаниясы» ЖШС-нің 70 пайызы 1 692 751 теңгеге, «Алтын диірмен» корпорациясы» АҚ-ның 1 824 жай акциясы (0,628%) 2 475 133 теңгеге және «ЦентрКредитБанк» АҚ-ның 5500 жай акциясы (0,003%) 3 219 590 теңгеге сатылған. «Алматы Сәулет Кадастр Орталығы» ЖШС таратылды. Ал «Алматы» телекомпаниясы» ЖШС-ін тарату үдерісі аяқталуда», - дейді Айман Әбдіқадырова.

Оның айтуынша, қазір «№3 автобус паркі» ААҚ-ын тарату және оның активтерін «Алматықалакөлік орталығы» ЖШС-на беру үдерісі де одан ары жалғасуда. Былтыр сондай-ақ, «Алматықалакөлік орталығы» ЖШС-не былтыр «№7 автобус паркі» ЖШС-дегі мемлекеттік үлестің 49 пайызы сенімді басқаруға берілген болатын. Жалпы бүгінгі таңда қалада заңды тұлғалар бойынша жарғылық капиталына мемлекет қатысқан коммуналдық меншіктегі 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 5 акционерлік қоғам бар. 2010 жылы жалпы 314 мемлекеттік кәсіпорын қаржылық-шаруашылық қызметін жүргізді. Оның 274-і ұжымдық басқаруда, 40-қы шаруашылық жүргізу құқында.

«Есепті жыл басында шаруашылық жүргізу құқындағы 29 мемлекеттік кәсіпорын жұмыс жасады. Жыл ішінде мемлекеттік кәсіпорындардан жедел басқаруда - 10 (9-ы денсаулық, біреуі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламада), қайта құрылған 1 ( Алматы жылу холдингі» МКК), төртеуі қосылды, біреуі жойылу үдерісінде. Соның нәтижесінде кәсіпорындар саны 38-ді құрады. Бұл кәсіпорындардың бірінші басшыларының есебін тыңдау кезінде, шаруашылық жүргізу құқындағы 12 кәсіпорын жұмысының шығынды екені анықталды. Шығын көлемі 2009 жылы - 1185,7 мың теңге, ал 2010 жылы 1186,9 мың теңгені құрап отыр », - дейді А.Әбдіқадырова.