Алматыда 3-қабаттан құлаған баланың басына пластикалық ота жасалады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Март» сауда ойын-сауық орталығының 3-ші қабатынан құлаған 2 жасар баланы бүгін үйіне қайтарып жатқан Алматы дәрігерлері әлі де 4-5 айлық емдеу жоспары бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхаммед Рузуддинов баланың жағдайы қанағаттанарлық екенін айтты.

«Жарты жыл баланың жағдайын бақылаймыз, жақсы болса басына пластикалық ота жасаймыз. Басына қан құйылғандықтан бірінші отаны басына жасадық. Бас сүйегінің детальдары сақталып тұр. Жағдайы жақсы болғаннан кейін екінші ота жасаймыз. Еске сала кетейік, бізге өте ауыр жағдайда түсті. Қазіргі кезде жағдайы қанағаттарлық. Бұған дейін айтқанымыздай, оған екі ота жасалды. Бірінші, бас сүйегін, екінші, ортаңғы жілігіне жасадық. Қазір гипспен үйіне қайтарылады. Сосын, аяғындағы гипсін шешеміз», - деді Д.Рузуддинов.

Еске сала кетейік, 20 қазан күні Алматы дәрігерлері 2 жасар Нұрғисаның ортаңғы жілігіне ота жасаған. Оған дейін, 12 қазан күні ауруханаға алғаш жеткізілгенде бірінші ота басына жасалған болатын.

Айта кетейік, 12 қазан күні 2 жасар бала «Март» ойын-сауық сауда орталығының 3-қабатынан құлап кеткен болатын. Дәрігерлер балаға ашық бассүйек жарақаты, ортаңғы жілік сынығы, кеуде, іш пердесінің соғылуы секілді диагноз қойды. Оқиға Түріксіб аудандық ІІБ-де қайғылы жағдай ретінде тіркеуге алынған.