Алматыда 3 үздік отбасы анықталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 14 жанұя «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуда. Өтініш берген отбасылардың ішінде дәрігерлер, спортшылар, әнші-актерлер, кәсіпкерлер бар.

Алмалы ауданынан дәрігерлер отбасы іріктеліп алынса, Бостандық ауданынан спортшы отбасы таңдалды. Медеу ауданының намысын тыл еңбеккері мен академик-ғалымдар қорғайтын болады.

Олардың ішінде Қазақстанның белгілі альпинист спортшысы Мақсұт Жұмаевтың, академик Серік Қирабаевтың, «Нысана» театрының негізін қалаушы актер Әбунасыр Серіковтің, белгілі әншілер әулеті - Дәрібаевтардың отбасылары ұсынылды.

Байқауды өткізу жөніндегі қалалық әкімдік жанынан құрылған комиссия мүшелері отбасылардың ұлттық ерекшеліктеріне, бала санына, бір шаңырақ астында қанша жыл өмір сүріп жатқанына, кәсібіне, еліне сіңірген еңбегіне баса назар аударды.

«Байқауды ұйымдастырудағы мақсат өнегелі құндылықтарды жаңғырту, ерлі-зайыптылық жауапкершілігінің маңыздылығын мойындау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, балаларды тәрбиелеуде ата-ананың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау еді. Біз мақтаныш тұтатын үлгілі отбасылар Алматыда көп. Біздің комиссия үздік деп тапқан отбасылар республикалық байқауда Алматының намысын қорғайтын болады», - деді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы № 250 «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы туралы» өкіміне сәйкес өткізілмек.

Комиссия мүшелері аталған отбасыларға құпия түрде дауыс берді. Ендігі кезекте ұсынылған 14 отбасының ішінде 3 үздік отбасы іріктеліп алынады. Кімнің қара үзгендігін 22 мамырда қала басшысы Ахметжан Есімов жариялайтын болады.