Алматыда 30-31 қазан күндері Eurasian PR-event 2009 халықаралық конференциясы өтеді

АЛМАТЫ. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматыда 30-31 қазан күндері Eurasian PR-event 2009 атты VII халықаралық конференция өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осымен жетінші жыл ашылғалы отырған конференцияның биылғы басқосуында жаңа коммуникациялық кеңістіктер жайы талқыланады. Соның ішінде: «Жаңа коммуникациялық кеңістік. Жаңа ойлар қалыптастыру. Олар қандай болуы тиіс?», «Жаңа шынайылыққа және жаңа ойларға негізделген болашақтың бизнес-стратегия типтері», «PR өзгеріп отыратын жағдайларда жаңа бизнеске жол бастайтын PR-дың негізгі трендтері», «Жаңа жеке тұлғаның типі. Жеке тұлғалық эволюцияның әдістері» деген тақырыптарда әңгіме өрбімек. Жиынға PR, жарнама және маркетинг саласының мамандары қатысатын болады.

Конференцияның пленарлық отырысында белгілі спикерлер қоғамда, бизнесте, PR-стратегияларда, жеке тұлғаларда болып жатқан өзгерістерге қатысты мәселелер жайында сөз қозғайды. Сондай-ақ компаниялардың коммуникациялық стратегиясындағы өзгерістер мәселесіне назар аударылып, тақырыптық әңгімелер ұйымдастырылмақ.