Алматыда 30 млн теңге айыппұл төлемеген жүргізуші ұсталды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда арнайы профилактикалық шара барысында Алатау ауданында 30 млн айыппұлы төленбеген жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алатау ауданында «Борышкер» профилактикалық шарасы барысында айыппұлды төлемей келе жатқан азаматтар ұсталды.

 

Аталған ауданда 3 күн қатарынан "КРИС-П" мобильді кешені қойылды.

Бұл аппарат борышкер жүргізушілерді автоматы түрде анықтауға арналған.

 

Осы уақыт аралығында борышкерлерден 7 млн теңге өндірілген.

«Инспекторлар 3 күн ішінде 7 млн теңге өндірді. 100 көлік айып тұрағына қойылды. Атап айтқанда, бір басында 30 млн теңге төленбеген әкімшілік айыппұлы бар жүргізуші ұсталды. Оның көлігі де айып тұрағына қойылды», - деді Алатау аудандық ІІБ әкімшілік полициясы бөлім басшысы Баукен Байымбетов.

 

Оның айтуынша, қазір жүргізушілерге айыппұлды смартфон арқылы төлеуге мүмкіндік туып отыр.

«Бұл дегеніңіз борышкер адам қарызын сол жерде-ақ өтей алады деген сөз. Осы уақытта бірнеше жүргізуші осы инновациялық  тәсілді пайдаланды»,- деді ол.