Алматыда 3000 оқушы мамандықтар марафонына қатысып жатыр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мектеп бітіруге дайындалып жүрген оқушылар арасында мамандықтар марафоны жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

4 кезеңнен тұратын инновациялық жобаны «EDTECH» халықаралық білім беру қоры мен қала әкімдігі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  Жолдауында көрсетілген Жетінші қадам - жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету мақсатында  жүзеге асырып отыр.

Айта кету керек, пилоттық жоба әзірге Алматының 3000 жуық оқушысын қамтиды.

Жасөспірімдердің кәсіби бағдарын айқындау бойынша марафонның 1-кезеңі былтыр қарашада басталған болатын.

Ең алдымен жоба аясында 300 жуық психолог кәсіптік бағдар берудің жаңа түрлері мен нәтиже беретін тәсілдерін үйреніп, оқу курсынан өтті.

Желтоқсанда «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасының шеңберінде 4500 астам 11 сынып оқушысы онлайн түрде кәсіби диагностикадан өтіп, әр оқушының тұлғалық ерекшелігі, кәсіби қызығушылығы, икемділігі, қабілеті анықталды.

Бүгін инновациялық жобаның үшінші кезеңі Мамандық таңдауға аранлған инновациялық форумы есігін ашты.

Оған қала мектептерінің оқушылары, мұғалімдері, ата-аналар ЖОО өкілдері қатысып жатыр.

«Мамандық таңдауда Қазақстан халқының менталитеті де ерекше. Бізде көп ата-аналар оқуға түсіретін кезде «грант» бар оқу орындарын іздейді. Нәтижесінде баланың арман-мақсаты орындалмайды, қабілеті ашылмайды. Адамның өзі және отбасы бақытты болуы үшін дұрыс мамандық таңдау өте маңызды. Елдің мықтылығы сол елдің азаматтарының мықтылығына байланысты емес пе? Біздің мақсатымыз - олардың мықты азамат болуына қолқанат болу», - деді «EDTECH» халықаралық білім беру орталығы басшысы Ғани Бейсембаев.

 

Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетовтің айтуынша, өз мамандығының шебері болу - заман талабынан туып отырған қажеттілік.
 

«Бүгінгі уақыт өте жылдам өтіп жатыр. Бұрынғыдай ұзын арқан, кең тұсау дейтін заман жоқ. Кез келген ата-ана баласы мектеп бітірер кезде баласының болашағы қай бағытта болатынын білгені дұрыс. Осыдан 10-15 жыл бұрын жоқ мамандықтар пайда болып отыр. Керісінше кейбір мамандықтар жоғалып жатыр», - деді Мамай Ахетов.
 

«EDTECH» халықаралық білім беру орталығы осы мақсатта «Мамандық таңдау кілті» кітабын жарыққа шығарды.

Тренинг кітабы 9-11 сынып оқушыларына, мектеп психологтары мен сынып жетекшілеріне, ата-аналарға арналған.

3000 жуық тиражбен шыққан кітап қазір Алматы қаласының  кітапханаларында тегін таратылып жатыр.