Алматыда 34 адамның бүйрегі алмастырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Осы жылдың бірінші жартысында алматылықтар МӘМС жүйесі арқылы жалпы құны 79,2 млрд теңгеге медициналық көмек түрлерін пайдаланды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, шығынның басым бөлігі, яғни 44,1 млрд теңге стационарлық медициналық көмекке, 3,2 млрд теңге күндізгі стационарлар көрсеткен қызметтерге төленді. «Медициналық көмекке жүгінген азаматтар тарапынан емдеу мен диагностиканың бағасы қымбат түрлері, салалық мамандардың консультациялары, сондай-ақ зертхана талдауларына деген сұраныс жоғары болған. Жарты жылда аталған қызметтерге 14,6 млрд теңге жұмсалды», - деді филиал басшысы.

Филиал басшысының сөзіне қарағанда, соның ішінде компьютерлік томография мен магнитті-резонанстық томографияға (КТ/МРТ) деген сұраныс бұрынғыша жоғары күйінде қалып отыр. Алты айда Алматы қаласында жалпы сомасы 890,5 млн теңгеге 46 мыңнан астам компьютерлік томография жасалған.

Қор 33 мыңнан астам МРТ қызметіне 542 млн теңге бөлді. Сонымен қатар онкологиялық науқастарды нысаналы түрде тексеруге арналған 6,4 мың позитронды-эмиссиондық томография жасалған. Оған 2,2 млрд теңгеден астам қаржы төленген. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен күн сайын құны бірнеше миллионға жетіп жығылатын жоғары технологиялы операциялар жасалып жатыр. Осы жылдың 6 айында Алматы қаласында осындай оталарға 11,7 млрд теңге жұмсалды. Жарты жылда алматылық стационарлар мидағы қан-тамырлары мен қан-тамыр жүйелеріне 2 226 ота жасаған.

Операциялардың жалпы құны 2,7 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар сақтандырудың арқасында трансплантологиялық операциялар да кедергісіз жасалып жатыр. Жарты жылда 34 бүйрек алмастырылды, оның жалпы құны – 170 млн теңге», - деді Тілеухан Әбілдаев.