Алматыда 360 тонна азық-түлік арзан бағамен сатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар жәрмеңкеден 360 тонна азық-түлікті төмендетілген бағамен сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фермерлер алып келген 360 тонна азық-түлік, экологиялық таза көкеністер мен жеміс-жидектер алматылықтарға нарық бағасынан 10-15 пайызға арзан сатылды.

«Биыл ауқымы кеңейтілген жәрмеңкеге біз 195 тонна көкеніс, 74 тонна ет, 90 тонна сүт өнімдері, балық түрлерін әкелдік. Түске жақын жәрмеңкеге әкелген 187 млн теңгенің өнімі сатылып кетті», - деді Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Талғат Алыбаев.

Жәрмеңкеге Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалалары мен Алматы облысының 16 ауданының шаруалары қатысты.

Мегаполис тұрғындарына 48 түрлі өнім ұсынылды. Оның ішінде, ет, шұжық, сүт, қымыз, жеміс-жидек, көкеніс, дәнді-дақылдар, өсімдік майлары бар.

Еске сала кетейік, аймақаралық ынтымақтастық аясында Алматы қаласында осымен 3-ші жәрмеңке өткізілді. Жыл соңына дейін тағы 7 жәрмеңке өтпек.