Алматыда 37 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 37 236 адам баспана кезегінде тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда қалада 37 236 адам үйге кезекте тұр. Көпбалалы аналардан 4905 адам, жетім балалардан - 2210, әлеуметтік осал топтардан - 16 999 , мемлекеттік қызметкерлерден 13 мыңнан астам адам кезекте тұр», - деді спикер.

Айтуынша, жыл басынан бері 2623 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін 5532 пәтер беру жоспарда бар.

«Оның ішінде, 1451 – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй және 4081 – несиелік тұрғын үй. Атап өтсем, жыл басынан бері 325 тұрғын үй сертификаты берілді», - деді Данияр Қырықбаев.

Басқарма басшысы, 2022 жылдың 14 шілдесінен бастап Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасы Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы болып өзгергенін еске салды.