Алматыда 38 жастағы науқас жасанды тыныс алу аппаратынан шығарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда короновирусқа шалдығып, ауыр халде жатқан 38 жастағы ер адам жасанды тыныс алу аппаратынан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл пациент 2 сәуірде коронавирус диагнозымен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Қос өкпесінде пневмония болғандықтан тыныс алуы қиындап, 8-ші тәулікте жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

«Бүгін жағдайы жақсарған соң аппараттан шығарылды. Қазір жағдайы ауыр, бірқалыпты. Рентген суретінде өкпесінің жақсарғаны байқалады», - деді басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Бүгін Алматыда Covid-19 инфекциясынан тағы бір 25 жастағы әйел жазылып шықты.

Жалпы алғанда індеттен жазылғандардың саны 50-ге жетті.