Алматыда 4 632 бала инклюзивті біліммен қамтылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласында инклюзивті білім беретін мектептердің саны артып, қосымша кабинеттер жұмыс істейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаладағы 182 мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалған. 2023-2024 оқу жылының басында қосымша 16 мектепте инклюзивті білім беру бағыты іске асырылады.

«2020-2021 оқу жылында 3672 бала инклюзивті білім берумен қамтылса, 2022-2023 оқу жылында 4 632 бала қамтылды. Қаланың 185 мектебінде ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балаларды қолдау бойынша кабинеттер жұмыс істейді. Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми– әдістемелік орталығының базасында инклюзивті ресурстық орталық ашылды», – дейді Ләззат Жылқыбаева.

Сонымен қатар, ол білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми–әдістемелік орталығының базасында инклюзивті ресурстық орталық (ИРО) ашылғанын айтты.

Сондай-ақ инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептердің 600 педагогының біліктілігін арттыру курстарын өткізу жоспарлануда.

«Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін жеке ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға конкурс жарияланды», - деп атап өтті сөз соңында спикер.