Алматыда 41 мыңнан астам жасөспірім коронавирусқа қарсы егілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда бір тәулік ішінде 552 адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Оның ішінде І компонентін 178 адам, ІІ компонентін 374 адам салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың 1 ақпаны мен биылғы жылдың 8 наурызы аралығында қалада 1 147 412 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 1 106 573 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде жасы 60-тан асқан қарттардың саны 125 041 адамды құрайды», - делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда Pfizer вакцинасын 57 498 адам салдырды. Оның ішінде 3 289 жүкті әйел, 12 586 бала емізетін ана және 41 533 жасөспірім бар.

267 866 қала тұрғыны ревакцинациядан өтті.

«Бүгінгі таңда қалада медицина мекемелерінде 137 вакцинация пункті жұмыс істейді. 175 вакцинация бригадасында 555 медицина қызметкері жұмылдырылды» - деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.