«Биылғы жылы Қазақстанға импортталған автокөліктерге заңсыз ресімделген 413 құжаттың күші жойылды. Бес мекеменің 9 маманы жауапкершілікке тартылды. Анықталған заң бұзушылықтар жойылғанға дейін Ішкі істер министрлігі аталған көліктердің жүруіне шектеу қойды», - делінген комитеттің хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев биылғы 10 айда көлік қауіпсіздігі құжаттарын заңсыз бергендер жауапқа тартылғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, осы аралықта 1 326 мемлекеттік тексеру жасалған. Соның 65 пайызында талапқа сәйкес келмейтін фактілер анықталған. Сәйкесінше, оларға жалпы сомасы 140,6 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған.