Алматыда 45 студентке «Кәсіпқор» шәкіртақысы табысталды

АЛМАТЫ. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматы құрылыс және менеджмент колледжінде 45 студентке Қазақстанның болашақ жоғары білікті мамандары үшін Президенттің біртұтас командасының «Кәсіпқор» шәкіртақысын табыстау салтанатты өтті.

Салтанатты шара ҚР-ның техникалық және кәсіптік білімді дамыту стратегиясы аясында республикамыздың барлық техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде өткізіліп жатқан республикалық акцияның қорытындысы болып табылады. Акцияны Алматы қаласы колледждері қауымдастығы өткізуде. Шараның мақсаты ауылдан келген, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жетім және мүгедек студенттердің сол оқу орындарының есебінен техникалық және кәсіптік білім алуына бағытталған.

«Бұл қайырымдылық шарасы жазда басталған еді. Республикамыздың барлық аймақтарындағы колледждерге аталмыш шара туралы хабар жібергенімізде барлығы да қолдайтындықтарын жеткізді. Бұл акция бойынша, әр білім мекемесі 2-3 студентті өз қаржысы есептерінен оқытатын болады», деді Алматы қаласы колледждері қауымдастығы төрағасының орынбасары Валерий Стороженко.

Бүгінгі шара барысында бірқатар алматылық колледждерде тегін білім алуға мүмкіндік беретін шәкіртақы 45 студентке тапсырылды. В. Стороженконың айтуынша, шара әлі де жалғаса беретін болады.