Алматыда 50-ден аса мүгедектігі бар әйелдерге оңалту техникалары табысталды

None
АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы 50-ден аса мүгедектігі бар әйелдерге оңалту техникаларын - арбалар, балдақтар, арнайы орындықтар және басқа да 80 түрлі тұрмысқа қажетті заттарды табыстады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш заттар «Интергаз Центральная Азия» компаниясы демеушілігімен 1 млн. көлеміндегі қаражатқа алынған.

«Қайырымдылық акцияны біз дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Біздің қауымдастық 7 жылдан аса уақыт бойы жұмыс істеу барысында 250-дей мүгедек әйелдер мен қыздарды, сонымен бірге Қазақстан аумақтарының және Орта Азия елдерінің 20-дан аса ынталы топтары мен ұйымдарын біріктіріп, мүмкіндіктері шектелген әйелдердің құқықтарын қорғау және мүдделерін алға бастыру, тең мүмкіндіктері бар қоғам құруға ұмтылдыру сынды міндеттерін атқарып, өзін мықты, тұрақты түрде дамушы ұйым ретінде көрсетіп келеді», - деді «Шырақ» мүгедек-әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 250 мыңға жуық, ал Алматы қаласында 22 мың мүгедектігі бар әйелдер өмір сүруде.