Алматыда 513 сайлау учаскесіне 600 байқаушы дайындалды - Қ. Шайх

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда ертең - 26 сәуір күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауына 600 байқаушы дайындалды. Олар 513 сайлау учаскесінде жұмыс істейтін болады.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «ҚР Бейбітшілік қоры» қоғамдық қорының төрағасы, Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі Қазбек Шайх мәлімдеді.

«Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия байқаушылар штабын дайындап, оларды жан-жақты үйретті. Алматы бойынша 600 байқаушы дайындалды. Олар 513 сайлау учаскесінде жұмыс істейтін болады. Ал республика бойынша 9 мыңға жуық байқаушы дайындалды. Бұл жерде оларға қойылатын талап өте жоғары. Бақылаушылар сайлауға бақылау жүргізу әдістерін жетік меңгерулері тиіс. Яғни, осы саланың жоғары білікті маманы болулары керек. Және ең бастысы, біз сайлаудың ҚР заңнамаларына сәйкес әділ, ашық өткенін тілейміз» - деді сарапшы.

Сонымен қатар, Қазбек Шайх биылғы сайлауалды науқанының өткен сайлау науқандарына қарағанда бірқалыпты, тыныш өткенін айтты.