Алматыда 6 жаяу жүргіншіні қағып кеткен М.Үсенов 45 тәулікке қамалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 6 жаяу жүргіншіні көлігімен қағып кеткен Мақсат Үсенов 45 тәулікке қамалды. Алматы қалалық соты осылайша, аталған іс бойынша прокуратураның наразылығын қанағаттандырды, деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен.

«Алматы қалалық сотының азаматтық және әкімшілік іс бойынша алқасы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына қала прокуратурасының наразылығын толық көлемде қанағаттандырды», - деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, ауданаралық әкімшілік сот бұдан бұрын Үсеновке көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 250 АЕК мөлшерінде айыппұл салу арқылы әкімшілік жаза қолданған.

Қаулының осы бөлігі өзгертілді. «Сот Үсеновті көлік құралын басқару құқығынан 2 жыл мерзімге айыра отырып, 45 тәулік мерзімге әкімшілік тұтқындау түрінде әкімшілік жаза қолданды», - дейді құқық қорғау органдарының өкілдері. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үсенов 2013 жылғы 1 желтоқсанда BMW-Х6 автокөлігінде келе жатып, аяқжолда тұрған 6 жүргіншіні қағып кеткен. Оның бірі оқиға орнында қайтыс болды. Ал, жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен еді. Алайда біраз уақыттан кейін ол қолға түскен.