Таңғы сағат 08:00-де Республика алаңынан жолға шыққан олар, Желтоқсан көшесі бойымен әл-Фараби даңғылына көтеріліп, одан батысқа қарай жүріп отырып, ҚР Тұңғыш Президенті саябағының алдында мәре сызығынан өтті.
Бүгінгі велошеруге қатысқан Алматы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова қала тұрғындарына бүгінгі іс-шараға қатысқандары үшін алғысын білдірді.
«Бүгінгі велошеруге қатысқандарыңыз үшін сіздерге өз атымнан және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің атынан шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгінгі спорттық игі шара Алматы қаласының өзіне және саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталып отыр. Алматы - біртіндеп спорттық қалаға айналып келеді. Қаламызда бүгінде велосипед тебушілер саны, жалпы саламатты өмір салтын ұстанушылар қатары күн санап арта түсуде. Бұл қуанарлық жағдай. Енді әрбір алматылық азамат алдағы 2017 жылы өтетін Универсиадаға қолдау көрсетуге және саламатты өмір салтын насихаттауға күш салады деген сенімдемін», - деді З. Аманжолова.
Ұйымдастырушылар жазғы демалыс мерзімінде велошеруге 1,5 мыңнан аса адамның қатысуы аз емес екендігін жеткізді.
«Жалпы, велошерулер 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Арнайы жоспар бойынша жылына 14-15 велошеру ұйымдастырылады. Енді 2009 жылдан бері санасақ, күні бүгінге дейін велошерулерге 178-180 мыңдай адам қатысыпты. Алғашқы шараға 300-дей ғана адам атсалысқан болса, қазіргі велошерулерге 3000 мыңнан 6000 мыңға дейін адам қатысады. Қазір жаз мезгілі, студенттер үйлеріне тарап кетті, ал алматылықтардың көбісі басқа өңірлерде демалыста жүр. Соның өзінде бүгінгі шарада 1,5 мыңнан аса адам болды, бұл аз емес», - деді өз сөзінде Алматы қ. Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Найзабек Сағымбаев.
Жалпы велосипед тебумен айналысу денсаулыққа пайдалы ғана емес, уақытты тиімді пайдалануға да тигізер септігі зор. Бұл туралы велошеруге белсенді қатысушылардың бірі, №16-шы қалалық емхананың дәрігер-хирургы Еркебұлан Арғынбаев өз пікірімен бөлісті.
«Мен алғаш рет велошеруге биыл сәуір айында қатыстым. Содан бері үзбей қатысып келемін. Велосипед тебудің денсаулыққа тигізер пайдасы өте зор. Өзіңді қашанда сергек сезініп жүресің. Шаршамайсың. Ал бұл, уақытыңды тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Мен велошеруге қатысқалы бері саламатты өмір салтын ұстануға мықтап ден қойып, енді тіпті аптасына бір рет достарымызбен футбол ойнап тұратын болдық», - деді Е. Арғынбаев.
Бүгінгі велошерудің соңында ұйымдастырушылар тарапынан «Ең белсенді от басы», «Велоспорт үміті» аталымдары бойынша жеңімпаздарға және белгілі велосаяхатшы 70 жастағы Түгелбек Қасымұлына бағалы сыйлықтар табыс етілді.