Алматыда 600 азамат ҚР Қарулы күштері қатарына қабылданды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әскер қатарына шақырылғандар күніне орай ҚР Қарулы күштері қатарына 600 азаматты шығарып салу салтанаты өтті.

Шара барысында ұрыс қарулары мен әскери жабдықталу, киіну үлгілері көрсетіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды. «Біз ҚР Қарулы күштер қатарына 600 алматылық жігітті аттандырып отырмыз. Сіздер өз міндеттеріңізге адал болыңыздар. Әскери ғылымның қыр-сырын меңгеріп, батылдық пен ержүректілікті ту етіңіздер. Біздің еліміздің қорғанысы сіздердің әскери міндетке адал болуларыңызға тікелей байланысты. Отан қорғаушылардың қазіргі легі алдыңғы буынның лайықты ізбасарлары болады деген сенімдемін», - деді қала басшысы Ахметжан Есімов. Сонымен қатар, қала басшысы елімізде жаңа талаптарға жауап бере алатын кәсіби армия қалыптасқандығын айтып өтті. «Астанада өткен әскери шеру Қазақстан әскерінің мығым күші мен қарым-қабілетін паш етті. Елімізде әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға барлық жағдай жасалуда. Өткен жылы елімізде 7 мыңға жуық әскери қызметкер баспаналы болды. Олардың жалақысы 170 мың теңге болса, зейнетақы жарғысы өзге санаттағы азаматтардың көрсеткішінен жоғары», - деп қорытындылады сөзін қала басшысы.

Соңғы жаңалықтар