Алматыда 600 шаршы метр аумақта қоймалар өртенді
00:22, 04 Қараша 2016
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қойма ғимараттары өртенді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі Алматы ТЖД-ның ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетоваға сілтеме жасап.
«3 қазан күні сағат 22:24-те Алматы қалалық ТЖД-ның «101» нөміріне Жетісу ауданындағы Ангарская көшесі, 107 мекен жайында орналасқан қойма ғимараттарынан өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түсті. Шақырту орнына алғашқы өрт сөндіру құрылымы сағат 22:33-те келді. Күштер мен құралдар шақыртудың жоғары дәрежесі бойынша арттырылып отырды. Құтқарушылар алынған ақпаратты растады - қоймалар өртенді. Қолданылған шаралардың арқасында жалын 23:05-те сөндіріліп, 23:27-де толығымен ауыздықталды», - деп атап өтті Сандуғаш Баймұхамбетова.
Тілсіз жау шарпыған аумақ 600 шаршы метрді құрады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.