Алматыда 7 айда 11 тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп 1502 үлескер пәтер алды - қала әкімінің орынбасары Виктор Долженков

АЛМАТЫ. Тамыздың 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда биылғы 7 айда  11 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1502 үлескер пәтер алды. Оны қала әкімінің орынбасары Виктор Долженков  бүгін  Премьер-Министрдің 1-ші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен   үлескерлер мәселесін талқылауға арналған алқалы жиында айтты,

         деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         "Алматыда  2008 жылы 15 570 үлескері бар  125 тұрғын үй кешені  болды.  Қазір  30 кешендегі 4687 үлескер мәселесі шешілді. Былтыр 26 кешендегі  3105 үлескер үй алған. Биыл алғашқы жарты жылдықта 8 тұрғын үй кешені іске қосылып,  1190 үлескер пәтер алды.  Тұрғын үйлерді пайдалануға беру өткен жылмен салыстырғанда  24 пайызға өсіп отыр",  дейді В. Долженков. Қала әкімінің айтуынша, екінші жартыжылдықтың алғашқы айында тұрғын үйлерді пайдалануға беру алдын-ала белгіленген кестеден озып кетті. Мәселен, шілде айында "Нұрлы тау", "Тенгиз тауэрс", "Шахристан" деп аталатын үш кешен іске қосылып, тағы 392 үлескердің мәселесі шешілді.

         Жалпы Алматыда биылғы  жылы  үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан 20 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын. Енді екінші жартыжылдықта   9 тұрғын үй салынып, 4277 үлескер өз пәтерлерін алатын болады. Ал келесі жылы 35 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан тұрғын үй мәселесін шешуге бюджеттен 73 миллиард теңге, ал "Самұрық-Қазына" қоры арқылы екінші деңгейлі банктерден 46 миллиард теңге бөлінді. Үкімет пен "Самұрық-Қазына" қоры үлгісі арқылы бөлінген бұл қаражаттың қазіргі таңда 27 миллиард теңгесі игерілді.