Алматыда 7- Қысқы Азия ойындарын қолдауға бағытталған қайырымдылық акция болып өтті

АЛМАТЫ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда ҚР Денсаулық министрлігінің Республикалық ана мен баланы қорғау ғылыми-зерттеу орталығында Тәуелсіздіктің 19 жылдығы мен 7-Қысқы Азия ойындарын қолдауға бағытталған қайырымдылық акция болып өтті.

Аталмыш шараның ұйымдастырушылары - Алматы қаласы әкімдігінің Қысқы Азия ойындарының Дирекциясы мен 7- Қысқы Азия ойындарының дайындық және үйлестірудің жедел штабы.

Акцияда жаңа дүние есігін ашқан сәбилер мен олардың ата-аналарына 7-Қысқы Азия ойындарының бойтұмары болып табылатын кішкентай алан «Ирби» мен кәдесыйлар табысталды.

«Бұл шара салауатты өмір салтын қалыптастыру идеясы мен 7-Қысқы Азия ойындарын насихаттау мақсатында өткізіліп жатыр. Қысқы Азия ойындарының бойтұмары кішкентай алан «Ирби» жәйдан-жәй ұсынылып отырған жоқ. Ол желтоқсан айында, еліміздің ең қасиетті мерекесі Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында және Азия ойындары алдында дүние есігін ашқан сәбилерді қорғап, болашақта олардың еліміздің белді спортшысы болуға ықпалын тигізеді деген ниетпен сыйға тартылып отыр», -деді 7-Қысқы Азия ойындарының әдістемелік Департаменті директорының орынбасары Данияр Тебаев.

Сыйлық иелерінің бірі Айқымбекова Албина: «Мен баламның еліміз үшін үлкен мәртебе болып саналатын Азиада қарсаңында дүниеге келгеніне қуаныштымын. Сәбиім өскенде еліміздің туын көкке желбірететін спортшы болады деп ойлаймын», -деді.