Алматыда 7-Қысқы Азия ойындарына орай журналистер арасында өткен байқау жеңімпаздары марапатталды

АЛМАТЫ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда 7-Қысқы Азия ойындарына орай ҚР журналистері арасында өткізілген Республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

«Байқаудың басты мақсаты - 2011 жылғы 7-Қысқы Азия ойындарының Қазақстан Республикасы үшін алатын орны мен маңызын республикалық БАҚ беттерінде жариялауға қолдау көрсету. Байқау халықты Азиада ойындарының дайындығына белсене қатысуға тарту және жұртшылықты аталған ойынға дайындық шаралары жөнінде ақпараттандыру міндеттерін жүктеді», - дейді ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Анатолий Құлназаров.

Республикалық байқауды өткізу ағымдағы жылдың маусым айында жарияланған болатын. Байқау ҚР БАҚ өкілдері арасында төрт аталым бойынша өткізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 31 автордан 162 еңбек келген. Оның 132-сі - баспа материалы, 18-і - интернет-мақаласы, 6 радио материал және 6-ауы телевизиялық сюжет болған.

Байқау қорытындысы бойынша құрамында Сәуле Мықтыбаева, Дина Ысқақаова, Аяна Құшбаева, Ринат Қоқымбаев енген «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шығармашылық тобы «Азиада 2011» телехабар топтамасы үшін «Ең үздік ТВ материал» аталымы бойынша бірінші орынды иеленді. Ал «Хабар» телеарнасында «7-Қысқы Азия ойындарына дайындығымыз қалай?» тақырыбымен шыққан «Таразы» бағдарламасының журналисі Гүлвира Биғалиева екінші орын алды. Сонымен қатар «Жер шары бойынша мото-экспедиция: Оңтүстік Корея - Азиада» материалы үшін «31 телеарна» журналисі Ләззәт Сағындықова 3- орынға ие болды.

Сондай-ақ «Вечерний Алматы» газетінің журналисі Әлім Анапиянов материалдар топтамасы үшін 3орынға лайық деп табылса, ең үздік радиоматериал аталымы бойынша бірінші орынды «Қазақ радиосының» журналисі» Салтанат Смайылова «Бап пен Бақ» материалы үшін иеленді.

Ал интернет БАҚ өкілдері қатарынан бір ғана өтінім келіп түскендіктен қазылар алқасы байқауға қатысқаны үшін «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі Елена Ильинскаяға мадақтау жүлдесін тағайындады.

Байқауды «2011 жылғы 7-Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ мен «Қазақстан Баспасөз клубы» АО ҚБ ұйымдастырып отыр.