Алау эстафетаны Олимпиада чемпионы, белгілі спортшы Ольга Шишигина аяқтады.
Азиада ойындары Алауының Алматы қаласында алғаш рет тұтануымен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов құттықтап: «Алау эстафетасы ең жарқын оқиғалардың бірі болып табылады. Біз Алматы қаласынан Алаудың бастау алатынын, Ақ Азиада салтанатты шарасына ақ жолды бастаушылардың алғашқысы болғандығымызды, ондай құрметтің біздің қаламызға берілгенін мақтан тұтамыз. Бүгінгі әдемі дәстүр біздің бірлігіміз бен жеңіске деген ерік жігерімізді бейнелейді», - деді.
Ол сонымен қатар, Қазақстан Азия елдеріндегі ең ірі жарыстарды өткізуге ие болған 4-інші ел деп атап өтті.
Салтанатты шара арнайы дайындалған концерттік бағдарламамен жалғасты. Шараға барлық алаугерлер қатысты. Олардың қатарында қаланың танымал тұлғалары, елімізге белгілі өнер, спорт қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-лар өкілдері, сонымен қатар танымал болып үлгерген жастар да бар. Азиада ойындары 11 спорт түрінен болғандықтан бүгінгі мерекелік концерттің сазды құттықтау саны да 11 болды. Концертке еліміздің эстрада жұлдыздары қатысып, әндерімен шашу шашты. Сахна жұлдыздары қазақстандықтармен бірге «Алға Қазақстан!» деп ұрандап, спортшыларды қолдап, үлкен жетістіктер тіледі. Шара барысында «Азиада ойындары жақсы өтсін» деген тілекпен халқымыздың ырымы «аластау» рәсімі жасалды. Алматы қаласының қазандығы жағылып, Азиада алауы Тараз қаласының өкіліне табысталды. Мерекелік шара отшашумен аяқталды.
Эстафетаның ең ерекше көріністерінің бірі - көкпардан Қазақстан құрамасының мүшесі Елдос Тілеубалдиевтің өз тұлпарында алауды алып жүруі болды.
Алматы қаласынан кейін эстафета еліміздің 16 қаласында өтетін болады.