Алматыда 7-ші қысқы Азия ойындарын насихаттауға арналған фотокөрме ашылды

None
АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда 7-ші қысқы Азия ойындарын насихаттауға арналған «Азиада-2011 қарасаңында» атты фотокөрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш көрмеде Азиада-2011 қарсаңында өткен іс-шаралардың қызықты сәттерінің фотосуреттері мен спорт нысандарының суреттері қойылған.

«Осыдан біраз уақыт бұрын ауданымызда әлеуметтік тақырыпқа көрме ашқан едік, ал бүгінгі көрмені Азиада-2011-ге арнап отырмыз. Мұнда қойылған суреттерден қаламыздың тұрғындары мен қонақтарының спортқа деген ынталарын, алдағы Азиада-2011 ойынына үлкен ден қоятынын байқауға болады», дейді Алмалы ауданының әкімі Марат Пірімбеков.

Сонымен қатар көрменің ашылуына мәдениет қайраткері Қыдырәлі Болманов пен Алматы қаласының «2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындары дирекциясы» МКҚК-ның директоры Сұлтанмахмұт Шоқпытов қатысып, жиналғандарды айтулы ойынға өз үлестерін қосуға шақырды.

Көрмені Алматы қаласының «2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындары дирекциясы» МКҚК мен әлеуметтік жарнама және заманауи өнер «Астаналық» орталық галереясы ұйымдастырған.