Алматыда 71 жастағы көлік жүргізушісі жол апатына ұшырады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 71 жастағы көлік жүргізушісі жол апатынан зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі оқиға орнынан.

Бүгін Алматы қаласында Әуезов пен Төле би көшелерінің қиылысында жол-көлік апатынан екі көлік зақымданып, 1 адам зардап шекті.

Нақтырақ айтқанда, «Хонда СР-В» көлігін жүргізіп келе жатқан 71 жастағы жүргізуші Төле би көшесінен Әуезов көшесіне қарай, сол жаққа бұрылған. Оған Төле би көшесінің қарсы бетінде келе жатқан «Хюндай соната» көлігі келіп соғылған.


Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, соққы қатты болғандықтан «Хонда» жол шетіндегі қоршауға барып ұрылған. Қатты соққыдан «Хонда» көлігінің рөлінде болған 71 жастағы ер адам зардап шегіп, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. 

Жол апатының мән-жайын полиция анықтау үстінде.