Алматыда 72 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне мәжбүрлі түрде алынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі қаланың солтүстік бағытындағы негізгі  магистральдарда қозғалысты жеңілдету мақсатында Фурманов көшесінен Жансүгіров көшесіне дейінгі аралыққа жолайрығын салу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нысанның құрылысын жүргізуге тапсырыс беруші -  Алматы қаласының жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы. Мемлекет қажеттілігі үшін жер учаскелерін мәжбүрлі түрде алу бойынша бюджеттік бағдарламаның әкімшісі - Алматы қалалық жер қатынастары басқармасы.

«Жол құрылысы жүргізілетін аумақта 72 жер учаскесі орналасқан, оларды сатып алу кезең-кезеңімен іске асырылады. Алматы қаласының әкімдігі 2017 жылдың 27 ақпанында «Мемлекет қажеттілігі үшін жер учаскелерін қайтарып алуға байланысты жер учаскелерін немесе басқа да жылжымайтын мүлікті мәжбүрлі түрде алуды бастау туралы» (26 жер учаскесінде) № 1/1-189 қаулыны қабылдады. Аталмыш қаулы 2017 жылдың 28 ақпанында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды», - деп хабарлады әкімдіктен.