Алматыда 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтың төрағалығымен өткен отырыста машинажасау және жиһаз саласындағы 10 инвестициялық жоба қаралды.

Отырыс барысында құны 45,5 млрд. теңге болатын 8 жоба қабылданып, Алатау ауданында орналасқан арнайы индустриалды экономикалық аймаққа көшірілетін болды.

Қала басшысы өтініштерді қарау барысында олардың бірқатар талаптарға сай болуын қадағалауды тапсырды.

«Қазір индустриалды аймаққа енгісі келетін кәсіпорындар көп. Бірінші кезекте олар аз уақыт аралығында өз қуаттылығын көрсетуі керек және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруы керек. Индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті жоғары және импорттың орнын баса алатындай қуаты болғаны жөн», - деді қала әкімі А.Есімов.

Қала әкімшілігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, аталмыш 8 жоба қосымша 1800 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қалған екі жоба қайта жетілдіруге жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Алматыда фармацевтика, жиһаз жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс салаларында 13 жоба қабылданған болатын.