Оны қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов басқарады. Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде өткен арнайы отырыс барысында қала әкімі Ахметжан Есімов айтты, деп хабарлайды Қазақпарат.
Алматы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің директоры Бақыт Сейдуалиевтің айтуынша, бұл вирус әлемнің 153 елінде тіркелген. Бұлардың ішінде АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Мексикада вирустың қарқыны қатты. Қазіргі кезде бұл тұмау Украина мен Балтық жағалауы елдерінде де тіркелген. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда Ұлыбританияға барып келген балалардың үшеуі осы сырқатқа шалдыққан. Бұдан бөлек Астанада 6 адам тіркелген. Оның төртеуі - алматылық. Алайда оларды табу мүмкін болмай отыр. Бұл азаматтарды табу үшін ІІД-нің көмегі қажет. Алматыда әзірше бұндай жағдай орын алған жоқ», дейді Б.Сейдуалиев.
Оның айтуынша, қалада эпидемиологиялық жағдай осы жылдың қазан айында ушығуы мүмкін. Алдын ала мәліметтер бойынша эпидемиологиялық жағдайға тұрғындардың 30 пайызы немесе 450 мың адам шалдығуы мүмкін. Олардың ішінде ауруханаға 100 мың адам жатқызылуы ықтимал. Қазіргі таңда тұмауға қарсы патогендік дәрілердің қорын жасақтау керек. Әсіресе, құны 5 мың теңге тұратын «Тамофлю» дәрісі қажеттілердің қатарына жатады. Алғашқы кезеңге бұлардың 10 мыңнан төмен емес қоры болуы шарт. Ал жалпы 1 миллионға жуық дәрі қоры керек.
«Қазіргі уақытта Алматыда денсаулық сақтау департаментінде 1 мыңға жуық қор бар. Алайда бұл тек 100 ауруға ғана жетеді. Ал сырқатты толық бақылауда ұстау үшін 5-8 миллиондық қор жасақтау қажет», деді Алматы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің директоры. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде қаланың зертханалық қызметі барлық жұмысқа дайын, ауру бойынша сараптамалар 3 сағатта дайын болады. Шет елден келген қонақтар әуежайда арнайы тепловизатор арқылы тексерілмек. Отырыс барысында қала әкімі қалалық мекемелерге қаупсіздік пен алдын алу шараларын күшейтуді, А/Н1N1 тұмауына қарсы парақшалар таратуды, бұл ауруға қарсы халықаралық тәжірибені пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ ол шет елдерде оқып жүрген алматылықтардың санын да анықтау қажеттігін ескертті.