Алматыда Ә. Өмірзақованы еске алу кеші өтті

АЛМАТЫ. Сәуірдің 6-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Бүгін Алматыда қазақ киносының анасы атанған актер Әмина Өмірзақованың 90 жылдығына орай еске алу кеші өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Кешке Ә. Өмірзақованың ұрпақтары, кино, театр саласында бірге қызмет істеп, ізін басқан әріптестері қатысып естеліктер айтты. Сондай-ақ «Бар жан-дүниесі жанарында» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Ал бүгін актер тұрған Төлебаев көшесіндегі 125 үйге ескерткіш тақта орнатылды. Әмина Өмірзақова 1919 жылғы наурыздың 18-інде Семей облысының Абай ауданында туған. Ленинград театр институтының актерлік факультетін бітірген. 1938-40 жылдары Әуезов атындағы Қазақ драма театрының, 1941-48 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының әртісі болып істеді. 1948 жылдан бастап Балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек еткен. 1964 жылы «Актерлерге жүлде» аталымында Бүкілодақтық кинофестивальдің лауреаты атанды. Қазақ КСР халық әртісі (1965). КСРО халық әртісі (1966). К.Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. «Жамбыл» (1953), «Шабандоз қыз» (1955), «Ана туралы аңыз» (1964), «Алдар көсе» (1965), «Тақиялы періште» (1968), «Шанхай» (1996) және басқа да көптеген фильмдерде басты рөлдерді сомдаған.