Отырыста бірінші жартыжылдықтағы жауынгерлік және жедел әзірліктің қорытындылары шығарылды. Әскерлердің дайындығы және жауынгерлік әзірлік сапасын арттыру мәселелері қарастырылды. Қазақстан әскерінің қару-жарақ және әскери техникасын дамыту тұжырымдамасы, сондай-ақ Қарулы Күштер басшылық құрамының әскери тәртіп пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша жұмыстары талқыланды.
«Қарулы Күштердің басым тапсырмаларының бірі - әскерлердің жедел және жауынгерлік әзірлік көрсеткішін арттыру. Елбасы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының бізге қойып отырған талабы да осы», - деп атап өтті жиын барысында Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков.
Ол сонымен қатар, «Қазақстан әскері жауынгерлік әзірлікте негізгі салмақты жеке құрамның дайындығына бағыттайды», - деп атап өтті. «Бірақ бұл санды арттыру деген сөз емес. Қазақстан әскеріндегі дайындық сапалық сипатқа ие болуы тиіс. Бүгінгі таңда әскерлер әртүрлі әскери қимылдар театрындағы іс-қимылдармен оқытылуда. Жуырда ғана аяқталған «Шығыс», «Қаратау» оқу-жаттығулары жоғары деңгейде өткенін атап өткен дұрыс. Қазір мергендер жұбы мен арнайы мақсаттағы барлау топтарының «Алтын үкі» халықаралық жарысы өтуде. Қарулы Күштерді техникалық жарақтандыру да жауынгерлік әзірлікпен тығыз байланысты», - деді ол.
Оның айтуынша, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі де барынша маңызға ие. «Қазіргі уақытта «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заң жобасы жасалуда. Бұл құжаттың негізгі мақсаты - әскери қызметшілердің әлеуметтік қамтамасыз етілу жүйесін жетілдіру. Әлеуметтік қамтамасыз ету көлемі қызмет жағдайына байланысты болады», - деп атап өтті министр.
Алқа отырысында жұмылдыру күштерінің дайындығы да көтерілді. «Бұл бағытта осымен екінші жыл белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет өзінің қауіпсіздігі мақсатында жұмылдыру органының қалыптасқан жүйесіне ие болуы қажет. Жұмылдыру жүйесі дағдарыс жағдайында Қарулы Күштер қатарын дайындалған мамандармен толықтыруға әзір болуы тиіс», - деді ведомство басшысы.
Жиында сонымен қатар, Қарулы Күштердің басшылық құрамын, сержанттар құрамы жұмысын күшейту және олардың жауапкершілігін арттыру мәселелері де көтерілді. Сондай-ақ, жиында әскери қызметшілерді медициналық қамтамасыз ету жоғары деңгейде болуы керектігі айтылды. Сонымен қатар, отырыста Қорғаныс министрлігі өз тарапынан Алматы, Астана қалаларында заманауи медициналық кешендер тұрғызып жатқандығы хабарланды.