Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетінің алтын ғасыры атала бастады. Оның осылай аталуына мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі Әбдіжәмил Нұрпейісов екендігіне дау жоқ. Көзі тірісінде атағы жер жарған Әбдіжәмілдің «Қан мен тер» трилогиясы, басқада шығармалары отыз шақты шетел тілдеріне аударылып, әдебиетімізді дүние жүзіне танытты, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды.
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы қазанның 22-сінде Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында туған. 1942 жылы орта мектепті тәмамдасымен армия қатарына шақырылған өрімдей жас Әбдіжәмил Оңтүстік және Прибалтика майданында соғысқа қатысады. Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталады.
1946 жылы желтоқсанда армия қатарынан босанған бойда әскерде жүргенде бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға жіберген соң бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. Келесі 1954 жылы Мәскеудегі А.М.Горкий атындағы әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы тауысады. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, жас талант өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түседі. 1962 жылдың аяғы - 1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы - «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып істейді.
1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармагерлік қызметпен шұғылданып, өндіре жазған Әбдіжәмил, нарық заманында халықаралық қазақ ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланды. 2000 жылы ПЕН клуб жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдардан бері ол осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы.
«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы - Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Үлкен жазушымыздың ерен еңбегі елінің, мемлекетінің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде кеудесіне Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» және тәуелсіз Қазақстанның «Отан» ордендерін қадады. 1985 жылы «Қазақ КСР халық жазушысы» құрметті атағы берілді.
Ол - СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер: Мұхтар Әуезов, Әбдіжәмил Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алғанын ескерсек, әдебиетіміздің, әдебиет арқылы тұтастай сөз өнеріне жүйрік қазақ халқы абыройының төрткүл дүние алдында арта түскеніне алдымен кімдерге борышты екеніміз өзінен өзі айғақталады.