Алматыда Әбдуәли Қайдарды ақтық сапарға шығарып салды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы жұртшылығы Ғылым ордасында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы Әбдуәли Қайдарды ақтық сапарға шығарып салуға жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаралы жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымның əріптестері қатысты.

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 95 жасқа қараған шағында қайтыс болған еді.

Академик Әбдуәли Қайдар қазақ халқының тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға. Ол саналы ғұмырының басым бөлігін тіл білімі саласын дамытуға, ғалымдар даярлауға арнады. Әбдуәли Қайдар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет етіп, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесін тұңғыш көтеріп, Елбасына хат жолдады. Кейіннен, осыдан дәл 15 жыл бұрын академик Әбдуәли Қайдардың дайындаған нұсқасында «ҚазАқпарат» ХАА агенттігі қазақ тіліндегі хабарларын латын әліпбиімен таратуды қолға алған еді.