Алматыда «Абылай хан мұрасы: идеялардың өзара байланысы және сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті 2013 жылдың 10 желтоқсанында Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан мұрасы: идеялардың өзара байланысы және сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді.

Бұл туралы аталған жоғары оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

«2013 жылы көрнекті мәдениет, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтойларын дайындау және өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 5 маусымдағы № 573 Қаулысы негізінде 2013 жыл Абылай ханның 300 жылдығына арналған. Жыл бойы елімізде осы мерейтойға арналған бірнеше шаралар ұйымдастырылды.

Абылай хан мұрасы күні бүгінге дейін зерттелуде. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан тарихындағы Абылай ханның рөлін ерекше атай отырып: « ...Біз бүгін Абылай ханның ерен еңбектерін атап өтумен ғана шектелмеуіміз керек. Халқының алдына, өз алдына қандай мақсаттар қойды? Қандай мақсаттарына қол жеткізе алды, не орындалмады, келешек ұрпаққа қандай өсиет қалдырды, нені ескертті, сол кезеңдегі оқиғалардан қандай сабақ ала аламыз, деген сұрақтарға жауап іздеп, табуымыз керек». - деген болатын.

Жақында ғана өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өткен Университет, осы мерейтой жылында өз үлесін қоса отырып, Абылай хан есімін зор мақтанышпен алып жүреді. Барлық құрлықта халықаралық имиджді қалыптастыруда университетте көптеген жұмыстар жүргізіледі. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған іс-әрекеттерді жалғастыра отырып, университет көпвекторлы саясат негізін қалаған Абылай хан мұрасын жалғастыруда қолдан келгенше өз үлесін қосады.

Конференцияға танымал қазақстандық және шетелдік ғалымдар (Франция, Малайзия, ҚХР, Ұлыбритания, Ресей және т.б.), сонымен қатар Қазақстан Республикасы ресми органдары мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері қатысады.