Алматыда «Адам саудасына қарсы біргеміз» атты ақпараттық шара өтті
Бұл туралы аталмыш департаменттің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Адам саудасына қатысты қылмыстарды болдырмау және алдын алу мақсатында, ішкі істер департаменті тұрақты негізде халық арасында, соның ішінде мектеп оқушылары мен студенттер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Ювеналды полиция бөлімшелері білім беру органдарымен бірлесіп, қиын жағдайларға тап болған кәмелетке толмаған жеткіншектерге дер кезінде әлеуметтік көмек көрсету бойынша алдын алу шараларын өткізеді. Мақсат - балалардың жыныстық, еңбек және қылмыстық қанауға ұшырауларына жол бермеу», - деді өз сөзінде Алматы қаласы ІДД Әкімшілік полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша аға инспекторы Майя Тоқсанова.
Статистика бойынша, қазір Алматыдағы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қадағалаусыз, қараусыз қалған 450 бала жайғастырылған. Олардың 129-ы - мигранттардың балалары (ҚХР - 1, Грузия - 1, Қырғызстан - 49, Өзбекстан - 37 және Тәжікстан - 41).
Орталық қызметкерлері әрбір кәмелетке толмаған жеткіншекпен балаларды саудалау деректерін анықтау үшін жеке-жеке әңгімелеседі. Балалардың аты-жөндерін анықтау үшін олардың ата-аналарымен де әңгімелеседі. Неге қарусыз қалғандығын анықтайды. Бүгінгі таңда 124 бала ата-аналарына немесе олардың орнын ауыстырушы азаматтарға қайтарылды. Тағы 5 бала өздерінің туып- өскен елдеріндегі Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына жөнелтілді.