Алматыда адам ұрлаған қылмыскерлер қолға түсті

АЛМАТЫ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек / - Алматылық 32 жасар азаматты ұрлап, туыстарынан ақша бопсалаған қылмыстық топ қолға түсті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жәбірленуші ұрлықты ұйымдастырушыға 1 мың доллар қарыз болған. Ал қарыз беруші ақшасын қылмыстық топтағы достарының көмегімен қайтаруды ұйғарған.

«Қарыз беруші жалдаған 2 қылмыскер жәбірленушіні ұрлап, жалға алынған пәтерге алып барған. Күш қолдану арқылы туыстарымен хабарласып, 2 мың доллар әкелуді талап еткен. Жәбірленушінің туыстары полицияға хабарласып, нәтижесінде қылмыскерлер құрықталды», дейді қалалық ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Валерий Козлов.Оның айтуынша, қылмыскерлер «Арлан» қызметі мен ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлерінің бірлескен шарасы нәтижесінде қолға түскен. Ұсталу кезінде олардан газ тапаншасы, басқа да суық қарулар алынған. Қазір ұсталғандар мен қылмысқа тапсырыс берушінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда жыл басынан бері дәл осындай 3 қылмыс жасалынып, олардың ізі суымай ашылған болатын.