Алматыда адамдарды заңсыз әкету және саудалаумен күресетін арнайы комиссия құрылды

АЛМАТЫ. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -Алматыда қала әкімдігі жанынан адамдарды заңсыз әкетумен, әкелумен және саудалаумен күресу жөніндегі қалалық комиссия құрылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен қалалық мәслихаттың ІV шақырылымының ХХХІ сессиясы барысында белгілі болды.

Консультативтік-кеңесші органның дербес құрамына қала әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы, Ішкі саясат басқармасының, Әділет департаментінің, Ішкі істер департаментінің, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары, сонымен қатар, Қазақстандағы "Дағдарыс орталықтарының Одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы енген. Комиссия төрағалығына - қала әкімінің бірінші орынбасары Мәулен Мұқашев сайланды.

Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Ерғазы Асановтың айтуынша, енді адамдарды заңсыз әкетуді, әкелуді және саудалауды болдырмау жолын кесу бойынша арнайы Ереже бекітілмек. "Құрылған комиссия осы мәселе бойынша қаладағы ахуалды талдап, ұсыныстар әзірлеп, мұндай қылмыстардың алдын-алу бойынша тиімді шараларды ұйымдастыруды қолға алатын болады. Болашақта оның құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері де кіретін болады", - деді ол.