Алматыда «Әдемі-Ай» компаниясының өнер мұражайы ашылды

None
АЛМАТЫ. 20 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Әдемі-Ай» компаниясының өнер мұражайының ашылуы салтанаты болып өтті.

Өнер мұражайына аталмыш компанияның президенті, ҚР Мәдениет қайраткері, еліміздегі санаулы жәдігер жинаушылардың бірі Баһаргүл Төлегенқызының 1000-нан астам жәдігерлерінен таңдалып алынған топтамалары қойылған. Қазақ халқының көне тарихынан сыр шертетін жәдігерлерді Баһаргүл Төлегенқызы 15-жыл бойы жинап, кейбіреулерін қиын-қыстау кезеңдерде өз қаржысына сатып алып, коллекцияларының қатарына қосқан.

«Өздеріңіз білесіздер, мен соңғы 4 жыл көлемінде Астана және Алматы қалаларында «Жүрегімде - Отаным» деген атпен жыл сайын дәстүрлі түрде көрме өткізіп келемін. Осы жылы көрменің өрісін кеңейтіп, өнер сүйер қауымына үлкен сый жасауды, өнер үйін, оның ішінде, жеке өнер мұражайын ашуды жөн көрдім. Әрине ондағы мақсат - мәдени құндылықтарымызды жаңғырту болып табылады», - деді ол.

Баһаргүл Төлегенқызы Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Ол Бейжің мемлекеттік университетінің биология факультетін бітіріп, кейіннен туған Отаны - Қазақстанға 1994 жылы қоныс аударады. Б.Төлегенқызының көне, жәдігерлік дүниелерді жинауы сол Қытай елінен басталған. Атамекенге келісімен, қызығушылығын жалғастырып, ел аралап, тарихымыздың сан түрлі қатпарының сырын ашаатын жәдігерлерді жинауды әрі қарай жалғастырады. 2009 жылы ол Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атанса, 2010 жылы «Қазақстан әйелі-2010» байқауының лауреаты, сонымен қатар, Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған «Сауап» орденінің иегері атанды.