Алматыда ағаш қандаласынан тұрғындардың мазасы қашты
Facebook қолданушылары қалада қандала көбейіп жатқаны туралы жазып жатыр. Жәңгір Шәлекенов есімді алматылық Бостандық ауданы әкімдігіне өтініш айтып, Сәтпаев, 20А мекенжайындағы үй ауласындағы ағаштарға қанадалаға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Оның айтуынша, жәндіктердің көптігінен үйдің терезесін ашу мүмкін болмай қалған.
Галина Корзухина есімді қала тұрғыны ағаш қандаласының қаптағанын биыл ғана көріп отыр.
«Олардың мұншалықты көбейгенін бұрын-соңды көрмеппін. Биыл бірінші рет көріп тұрмын. Біз Кіші Алматы өзенінің жағасында жеке үйде тұрамыз. Мұнда сұмдық жағдай болып жатыр. Отыра қалып, жылағың келеді. Кеше қалалық қызмет жасыл желектерді өңдеумен айналысты. Бүгін үйдегі қалған қандалаларды құртып жатырмыз», - деп жазды ол.
Ольга Колесникова Абай даңғылы мен Саин көшесінің қиылысының аумағында қандала тіпті, үйлерге москитті торлар арқылы кіріп жатқанын жазды.
«Тротуармен келе жатсаң, ағаштан төбеңе түсіп жатады. Қазір олар қатты көбейген, егер тиісті шаралар қабылдамаса, ары қарай көбейеді», - деп жазады Алматы тұрғыны.
Светлана Ермагамбетованың сөзінше, бүкіл қаланың аумағында өңдеу жұмыстарын жүргізу керек. Себебі қандалалар қаланың көп шағынауданына таралып үлгерген.
«Біз тұрғын үйдің бірінші қабатында тұрамыз, жәндіктер москитті торлар арқылы үйімізге кіріп жатыр», - дейді ол.
Алматылық Анна Кара әкімдік екі мәрте өңдеу жұмыстарын жүргізсе де, еш пайдасы болмағанын жазды.
«Қандала бұрын қалай көп болды, солай қалды. Бұған басқа тәсіл керек», - деді ол.
Мегаполистің тағы бір тұрғыны желіге қандалалардың суреттерін салып, Медеу ауданының әкімдігіне жүгінді.
«Терезе астында екі қарағаш өседі, қанадаланың былай қаптауы бірінші рет болып тұрған жоқ. Күнделікті балконды, терезелердің астын қандаладан тазалаймыз. Сонда да үйге кіріп кетеді. Ұзаққа еш нәрсе көмектеспей жатыр. Екі қарағашты алып тастау керек. Паразиттердің кесірінен ескі алдындағы емен ағашы өлейін деп жатыр. Қазір бізге көмек керек», - деді желі қолданушысы.
Тимирязев көшесінің тұрғындары да қанадаланың қаптағанына разы емес.
«Бұл дегеніңіз сұмдық. Өткен аптада түнгі уақытта салқын болған кезде қандалалар үйімізге қаптап кірді. Олардың иісінен дем ала алмай қалдық. Тордың барлығына жабысты. Мен мұндайды бұрын-соңды көрген емеспін. Шаңсорғышпен күніне бірнеше мәрте балкон, терезелерді тазалаймын. Енді қандай да болсын, өңдеу жұмыстары жүре ме?», - дейді Оксана Красюкова.
Одан бөлек, қаланың басқа да аудандарынан тұрғындар қандаланың фото, видеосын желіге салды. Олардың барлығы да әкімдіктен көмек сұрап жатыр.
Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының өсімдікті биологиялық қорғау бөлімінің басшысы Нұржан Мұхамадиевтің айтуынша, қазір тұрғындар қанадаланың кең таралған түрі Arocatus melanocephalus - ды көріп жүр. Олар улы әрі адам денсаулығына қауіпті емес.
«Халық арасында оларды «сасық қандалалар» дейді. Олар Алматыда 8 жыл бұрын пайда болды. 2017 және 2019 жылдары олардың қатты көбейген болатын. Адамдар олардан қатты қорқып, «кенелер» деп санады. Биыл да осы жағдай қайталанып жатыр. Олар бұрын біздің қаламызда болмаған, басқа елдерден әкелінді. Өзіңіз білетіндей, Алматы – ірі мегаполис, мұнда елдер арасында ірі сауда айналымы жүреді. Бұл қандалалар кез келген қаптама материалдарымен әкелінуі мүмкін», - дейді ол.
Оның сөзінше, көктем мезгіліндегі жаңбырлар да олардың таралуына әсер етті. Сондай-ақ қаланың әсем әрі бай табиғаты олардың қоректену базасын кеңейтуге мүмкіндік берген.
«Мамыр айында қандалалар дернәсіл күйінде болды. Қазір олар өсіп, ұшатын болды. Arocatus melanocephalus қандалалары қарағаштың дәндерімен қоректенеді. Адамдарға қаупі жоқ, тістемейді, тек қолайсыздық тудырады. Яғни, үйдің ішіне ұшып кіреді, терезе жақтауларына, есікке қонады. Сасық иіс шығарады. Олар қазірдің өзінде қысқы уақытта мекендейтін орындарды іздеп жатыр. Олар әдетте төсеніштерде, бұталарда өмір сүреді, апатты ағаштарда қыстайды. Жақында олар қыстауға кетеді», - дейді маман.
Тұрғындарға ағаш қандаласынан құтылу үшін өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет.
«Бұл жерде арнайы қызмет жұмыс істеуі керек. Көшелерде қолданылатын препараттарды үй жайлар мен бөлмелерде қолданбаған дұрыс. Ол үшін арнайы дезинсекциялық препараттар бар. Қазір қала саябақтарында, скверлерінде әкімдік тарапынан паразиттер мен ауруларға қарсы ағаштарды өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда ағаш қандалалары бұл орындарда өмір сүрмейді десе болады. Олар көбінесе үйдің аулаларында, құрғақ, ескі ағаштар өсетін жерлерде, ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары аз жүретін орындарда көбейеді», - деді Нұржан Мұхамадиев.
Нұржан Мұхамадиев сондай-ақ тұрғындардың біразы түрлі себептерге, оның ішінде денсаулығына байланысты ағаштарды өңдеуге келісім бермейтінін жеткізді.