«Ауладағы ағаштар неліктен бұрынғыдай әктелмейді? Әктің бактерицидтік қасиеті бар ғой. Бізде ешқашан ағаш қандаласы болған емес. Қазір барлық жерде қаптады. Салдарынан ағаштың қабығы құриды. Біз шешім қабылдауымыз керек, онсыз да түнгі сағат 2-де адамдарға ескертусіз өңдеу жүргізіледі. Қандала өлгенімен, адамдар сол ауамен дем алады ғой», - деді аудан тұрғыны.
Алматы әкімі Ерболат Досаев бүгінгі күні ағаштарды өңдеуге әк емес, биологиялық өнімдер қолданылатынын айтты.«Бір кездері әктеу арқылы ағаштарды өңдеудің тиімді әдісі болған. Өкінішке орай, климат қана емес, жалпы қаланың экожүйесі өзгерді. Қала ағаштарды әкпен өңдей алмайды, себебі, Өсімдіктерді қорғау және карантин институты ағашты әктеуге кеңес бермейді. 2016 жылдан бастап ағаштарды өңдеуде әк қолданылмайтын болды. Бүгінгі күні осы мақсат үшін биологиялық өнімдер қолданылады. Биыл шілде-тамыз айларында өңдеудің тағы екі кезеңін жүргіземіз. Ол кесте бойынша түнде өткізіледі», - деді Ерболат Досаев.
Ол сондай-ақ қала тұрғындарын хабарландыру үшін әрбір ПИК, МИБ-тің чаттарына ағаштарды өңдеудің уақыты туралы ақпараттар жіберуге тапсырма беретінін айтты.
Айта кетейік, биыл Алматыда жапырақ жегіш зиянкестер мен саңырауқұлақ ауруларының қоздырғыштарына қарсы 2,3 миллионнан астам ағаш төрт рет өңдеуден өтті. Әкімдіктің мәліметінше, ол үшін қауіптілігі төмен биологиялық препарат қолданылды.
«Бұл қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына, жануарларға, құстарға, жәндіктерге зияны жоқ препараттар», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.